Четверг, 14 Июль 2016 05:20

Үш тұғырлы тіл - уақыт талабы

Ауданымыздың депутаттары қолдап және құрамында облыстық деңгейдегі депутат Максим ПАК бастаған топ білім жүйесіне қатысты үштілділік реформаны түсіндіру мақсатында Жарсуат ауылдық округіне барып қайтты.

 

Биылғы оқу жылынан бастап еліміздің барлық мектептерінде біршама жаңа өзгерістер енгізілмек. Ол - 5 күндік оқу жүйесінен бастап 12 жылдық оқыту бағдарламасына ауысу және «Үш тұғырлы тіл» білім беру жүйесіне біртіндеп көшу. Жасыратыны жоқ, бұл өзгерістердің соңғысына байланысты қазірде қазақ қоғамында екі түрлі ой айтылып, халық арасында екі жақты пікір қалыптасып отыр.

Осы үш тұғырлы тіл туралы халық арасында үгіт-насихат жүргізуге арнайы шыққан біздің ауданның депутаттар тобы өткен аптада Жарсуат ауылына аттанған болатын. Аталмыш топ жетекшісі, облыстық деңгейдегі депутат Максим Валериевич Пактың айтуынша, бұл бастама облыс көлеміндегі «Ынтымақ» атты депутаттар тобының ынтасы көрінеді. Айта кету керек, мектеп реформасына байланысты басқосуға жиналғандардың басым бөлігі мектеп мұғалімдері болды.

Жаңа бағдарлама арқылы бірінші сынып балаларының биылғы 2016 жылғы оқу жылынан бастап, бірден үш бірдей - қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қатар оқи бастайтынын айтқан депутаттар бұдан 10 жыл бұрынғы балалар мен қазіргі заман балаларының деңгейін салыстырып, бұл жүйеге көшудің артықшылықтарын сөз қылды. Қазірде жүзеге асқалы отырған аталмыш үштілділік реформаның балалар болашағы үшін керек екенін тілге тиек етті олар.

Отырысқа жиналғандардың бірі бұл пікірді қызу қолдаса, ал бірі үш тілді меңгеру керектігін, бірақ  өз ана тілімізді де ұмытпау керектігімізді баса айтты. Ал көп жылғы еңбек тәжірибесі бар ұстаздар болса, бағдарламаны дұрыс жолға қоюды ескеріп және жалпы барлық пәндер бағдарламасының сапасына байланысты да түрлі пікірлерін айтып жатты. Үш тілді қатар меңгереміз деп басқа пәндерден кенже қалмауды да сұраған мұғалімдер де болды.

Ал бұл отырысқа жиналған ата-аналар болса, оқушылардың мектеп формасын сөз етті. Көпшілік арасында көрші Димитрово ауылынан арнайы ат артып келген аналар болып, олар да өз жанайқайын жеткізді депутаттарға. Ол - балаларға арналған көлік мәселесі. Өйткені әлі оң мен солын білмейтін бастауыш сынып балаларын көзі қиып мектеп интернатына жатуға жібере алмайтынын айтқан ата-аналар депутаттарға ең болмаса бірінші сынып пен төртінші сынып аралығындағы  балдырғандарға арнап, оларды әрі-бері күнделікті екі ауыл арасына тасымалдайтын  арнайы көлік бөлуге көмек қолын созуды сұрады.  

Жиын соңында әлемдегі барлық ғылым мен инновация тілі қазірде ағылшын тілі болса, орыс тілі - қатынас тілі, ал қазақ тілі - мемлекеттік тіл, оны білуіміз керек деген қорытындыға келген ауыл тұрғындары болса, өздеріне уақыты мен көңілін бөліп арнайы келген депутаттарға алғыстарын айтып тарасты.  

Рая АҚДӘУЛЕТОВА.

 

Copyright © 2014 Карачаганак ТВ.
Дизайн и внедрение Анна Котельникова
Сопровождение Азамат Бабагужиев

Рейтинг@Mail.ru